Өткен жылы 4 аула абаттандырылып, ойын элементтері қойылған болатын.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданындағы Республика даңғылы мен Жангелдин көшелерінің аумағына биыл 7 аулаға балалар ойын алаңы орнатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің 6,7 сектор тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Өткен жылы 4 аула абаттандырылып, ойын элементтері қойылған болатын. Биыл Республика даңғылы №25А, Т.Айбергенов көшесі №2, А.Молдағұлова көшесіндегі №2, Жангелдин көшесінде орналасқан №12, 12а, 18, және 32 көпқабатты үйлердің ауласына балалар алаңы салынады.
Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту үшін спорт алаңшаларын орнатуға да басымдық берілуде. 2022 жылы Республика даңғылы мен Жангелдин көшелері аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде 4 спорт алаңшасы қойылады. Олар: Республика даңғылы №29, 37 үй мен Ә.Жангелдин көшесіндегі №26, 30 үйдің ауласы.
Сонымен қатар, биыл №18, 30 үйдің ауласына ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
Ал, 2023 жылы 7 аулаға спорт алаңшасы орнатылып, аталған шағынаудандардың қамтылу көрсеткіші 100%-ға жетеді.