Қала әкімі тұрғындардың мәселесін мұқият тыңдап, бәрін де назарға алатынын жеткізді.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарларын айтты.
Жалпы тұрғындар тарапынан көтерілген 207 мәселенің көпшілігі инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, коммуналдық және абаттандыру бағыттарын қамтыды.
Есептік кездесуде қала әкімі: «Халықпен тікелей байланыс орнату – Мемлекет басшысының басты саясаты. Бүгін осы мақсатта жүздесіп отырмыз. Мәселелеріңізді ашық айтыңыздар. Бәрін тыңдауға дайынмын. Сіздермен осылай тығыз қарым-қатынаста қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз», – деді.
Ауданның даму жоспарымен танысқан соң, шаһар басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға көшті.
Қала әкімі тұрғындардың мәселесін мұқият тыңдап, бәрін де назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.