ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен есепті кездесу өтті

0
629

Шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді.


ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен есепті кездесу өтті

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Есепті кездесуге 350-ге жақын тұрғындармен қатар қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.

Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.

Әл-Фараби ауданындағы 279,5 шақырым жолға асфальт-бетон төселген болса, 19,6 шақырымы шағал тас. Өткен жылы 5 көшеге асфальт, 13 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл жылғы жоспар бойынша 16,9 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі де, 33 көшеге шағал тас төселеді. 2023-2024 жылдарға 48 көшені асфальттауға ұсыныс берілген.

Осылайша осы жылы сапалы жолдар үлесі 88 пайызға, 2024 жылы 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.

Есепті кездесуде аудан әкімі санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін аудан 7 секторға бөлінген. Мұнда ішкі орамдық көшелер аптасына 2 рет, 172 қоқыс жәшігі күніне 3 рет, 425 қоқыс жәшігі күніне 2 рет, көп қабатты тұрғын үй аулалары аптасына 4 рет қоқыстан тазартылады.

Көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында биыл 6 ай көлемінде: 1750 дана ағаш қырқылған, 11 420 ағаш әктелген, 100 413 дана гүл және 3300 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 180 мың түп гүл, 8 мың ағаш отырғызу жоспарланған.

Айта кетейік, шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді.