Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі аударма ісіне оқуға түскен.
ERNUR.KZ. Шымкенттегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасында алты тілді еркін меңгерген сарбаз Абзал Жаңабай қызмет етеді.
Абзалдың шетел мәдениетін, халықтардың дәстүрлерін және шет тілдерін үйренуге деген қызығушылығы оқушы кезінде оянған. Сондықтан ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі аударма ісіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң әскер қатарына алынады.
Әскери қызметші борышын өтеп жүріп-ақ шет тілдерін үйренуге мүмкіндігі бар, бастысы – ниет пен табандылық дейді. Бос уақытында ол кітапханаға барады, әр тілде жазылған әдебиеттер оқиды.
– Өз тілімнен басқа, орыс, ағылшын, қытай, қырғыз және өзбек тілдерінде еркін сөйлеймін. Екі тілді білетін адам екі адамға тұрарлық деп бекер айтылмаған, себебі олар тез тіл табысып, сөйлескенін жақсы түсінеді, – дейді Абзал.
Абзал Жаңабайдың әскери-есептік мамандықты меңгерудегі еңбекқорлығы, білімге және тұрақты дамуға ұмтылуы оның тілдерді қалай үйренуге болатыны туралы беретін кеңестері әріптестеріне қашанда үлгі.