ШЫМКЕНТ: Басқарма басшылары бір жұмыс күнін азаматтарды қабылдауға арнайды

0
574

Аптаның әр сәрсенбісінде таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қабылдайтын болады.


ШЫМКЕНТ: Басқарма басшылары бір жұмыс күнін азаматтарды қабылдауға арнайды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің тапсырмасы бойынша, өзі жетекшілік ететін басқарма басшыларының азаматтарды қабылдау күні бекітілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй басқармасының басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша аптаның әр сәрсенбісінде таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қабылдайтын болады. Бұл күні барлық жиналыс, іс-шаралар кейінге шегеріледі.

Мұндай шешімге күні кеше қала басшысы орынбасарының қабылдауында болған азаматтардың өтініш-шағымдары себеп болды. Ерғали Білісбековпен кездесуде тұрғындар әлеуметтік сала қызметкерлерінің халықпен сөйлескенде жиі ашушаңдыққа бой алдырып, дөрекілік танытатындарына, сондай-ақ, басқарма басшыларының әкімдікте өтетін жиналыстан босамайтындарына наразылықтарын білдірген болатын. Соңғысына қатысты Ерғали Дәулетбекұлы басқарма басшыларына ескерту жасады. Дөрекілік танытқан қызметкерлердің жұмысы да бақылауға алынады.
- Иә, мұндай кемшіліктер жиі орын алуда. Бірақ «дөрекі» қызметкерлердің барлығы шет елдерден келген емес, өзіміздің жерлестер, қазақстандық отбасында тәрбиеленген ұл-қыздарымыз. Демек, өзіміз осылай тәрбиелеп, соның жемісін көріп отырмыз. Әдептілік пен адамгершілік әкімдікті емес, әр жанұяда күнделікті айтып отыруымыз керек. Әрине әкімшілікте де оқытып, түсіріндіп, жұмысқа қабылдағанда осындай талаптарға сәйкес жастарды қабылдау қажет, - деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.
Жалпы, басқарма басшыларының қабылдауы алдын ала жазылу арқылы өтеді.