Өткен жылы қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраған.
Биыл Шымкент қаласында қалдық өңдеу көрсеткіші 27 пайызға жетеді деп жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев және «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның директоры Ғани Қарабековтің қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында спикер қатты тұрмыстық қалдықтардың мәселесіне тоқталды.
– Шымкентте «Ақтас-1» қалдықтарды сұрыптау зауытында күнделікті 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдық қабылданады. Бұл нысан бүгінде жыл сайын түзілетін, кәдеге жаратылатын және өңделетін қалдықтардың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуда. Мәселен, өткен жылы қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраса, биыл оны 27 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселесі бойынша «Ақтас-1» қоқыс полигоны аумағынан 20 гектар жер телімі қарастырылуда, – деді Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев.