Нәтижесінде аудан аумағындағы барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен 100% қамтылады.
2023 жылы Сайрам және Қызылсу елді мекендері сапалы ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Одан басқа, Шымкент қаласы Тұран ауданы аумағында орналасқан елді мекендердің 99,5%-ы ауыз сумен қамтылған. Бүгінгі күнге дейін кестемен ауыз су тұтынып келген Құрсай елді мекенін ауыз сумен қамту құрылысы 2021 жылы басталып аяқталды. Бүгінде құбырларды жуып-шаю, дезинфекциялау жұмысы жүргізіліп, ауыз суды қосу жұмысы рет-ретімен жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы ауданындағы елді мекендер 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Айта кетейік, 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, Сайрам елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Қазіргі таңда Шымкентте сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 7 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Нәтижесінде 2023 жылы миллионды қаланың ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.