Қазіргі таңда ауданда кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 41%-ды құрайды.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 41 пайызды құрайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Айта кетейік, қазіргі таңда 18 мыңға жуық халқы бар Нұртас елдімекенінде кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 62,6 шақырымды алып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы 2024 жылы толық аяқталады. Құрылыс барысын қадағалаған қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына жергілікті әкімдікпен бірлесе абоненттеу жұмыстары бастауды тапсырды.
Ал, Асар-2 шағынауданында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жоспарға сәйкес елдімекен алдағы жылы сапалы электр қуатымен, кәріз жүйесімен толық қамтылады. Аталған елдімекенде 24 шақырымдық газ жүйелері жүргізілген. Шағынауданды табиғи газбен толық қамту сәуір айының соңына дейін аяқталады. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын қадағалаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізуде тиісті талаптардың қатаң сақталуын бақылауды тапсырды. Сонымен қатар барлық жұмыстардың сапалы, уақытылы атқарылуын назарда ұстауды ескертті.