ШЫМКЕНТ: Дендросаябаққа 205 түп көшет отырғызылды

0
2 653

Жоғары сұрыпты ағаш көшеттері отырғызылды.


ШЫМКЕНТ: Дендросаябаққа 205 түп көшет отырғызылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ҚМДБ Шымкент қалалық өкілдігінің ұйытқы болуымен Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта «Ағаш – ел дәулеті, жер сәулеті» атты ағаш көшетін отырғызу шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов, наиб имам Мұхамеджан Естеміров, іс басқарушысы Азамат Әбдікерімұлы, Жастар ісі секторы жетекшісі Анарғали Керімбеков және қалалық Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының имамдары, ерікті жастар тобы қатысты.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына орай дендрологиялық саябақта «Шымкент қаласы имамдарының аллеясы» ашылды. Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахмановтың ұсынысы аталған саябақтың басшылығы тарапынан қолдау тауып, арнайы жер бөлініп имамдар аллеясын ашу туралы шешім қабылданды.
Игі шара барысында дендросаябаққа белгіленген арнайы орынға жоғары сұрыпты 205 түп ағаш көшеті отырғызылды. «Бұл шара Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолға алыуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Ағаш көшетін отырғызу шарасы мешіттер мен өзге де орындарда үш ай бойы жалғасады», - деді қаланың бас имамы.
Ендігі мақсат – бөлінген жер аумағына түрлі сұрыптағы ағаштар отырғызып, тұрақты тазалық шараларын өткізіп, қоршаған табиғатты аялауды және қала тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлау.
Еске сала кетейік, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы 1979 жылы құрылған болатын. Саябақтың құрылуына мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров мұрындық болды. Саябақтың қазіргі уақыттағы жер көлемі – 117 гектар. Мұнда бүгінде 500 мыңнан астам ағаш және 1 миллионнан астам шөптесін өсімдіктер бар.