Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.
Шымкент қаласында Дүниежүзілік Тазалық күні аясында қоршаған ортаны таза ұстау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында өтеді. Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.
Осы орайда Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара осы айтулы күнмен орайластырылып өткізілді. Атап айтқанда, бүгін қаланың Әл-Фараби ауданы аумағында Қошқар ата өзенінің бойында тазалық шарасы өтті.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.
Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын.
Шымкент қаласында сәуір айынан бері өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған шараға 230 мыңға жуық тұрғын, 2301 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 687 әлеуметтік мекеме қатысты.