ШЫМКЕНТ: Ерлан Айтаханов студенттермен кездесті

0
1 104

Шымкент әкімі: «Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады».


ШЫМКЕНТ: Ерлан Айтаханов студенттермен кездесті

Қала басшысы Ерлан Айтаханов Шымкенттегі 82 жылдық тарихы бар, іргелі білім ошақтарының бірі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған кездесу оқу ордасының археологиялық көрме орталығындағы зерттеу жұмыстарының жәдігерлерімен танысудан басталып, "100 жаңа оқулық" атты орталықты аралау барысында, қазақ тіліне аударылған 10 оқулықтың бейне ролигын қала әкіміне университет ректоры Анар Мерекеқызы таныстырды.

Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы аталмыш білім ордасындағы "Нұрсұлтан Назарбаев", "IT Class” сынды орталықтарды аралап, студенттердің тыныс-тіршілігімен танысты және
қала әкімі жастардың көкейінде жүрген сұрақтары мен ұсыныстарына жауабын беріп, пікірін жеткізді. Ал, студенттер, кітапхана, пәндік, салалық байқаулар жайында өз ойларын айтып, қоғамдық көлік саласындағы мәселелерді де алға тартты.

Өз кезегінде қала басшысы жастар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жан-жақты қарап, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Жастар жылына орай Шымкент қаласында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған біршама жобалар жүргізілуде. Келесі жыл «Еріктілер жылы» деп бекітілді. Одан бөлек, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. "Екінші ұстаз" Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын да жоғары деңгейде тойлағалы отырмыз. Аталмыш шаралардың барлығына жастар қоян-қолтық атсалысу керек. Қайырымды қаламыздың қонақжайлық туризмін дамыту да басты назарда», - деді Е.Айтаханов.