ШЫМКЕНТ: есірткімен күресу шаралары қарқынды жүргізілуде

0
448

Шара соңында жастар құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.


ШЫМКЕНТ: есірткімен күресу шаралары қарқынды жүргізілуде
ERNUR.KZ. Шымкент қаласында есірткімен күресушілер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Щымкент қаласының полицейлері ұйымдастырған жиынға 800-ден астам студент қатысты.

Маңызы мол кездесу Жастар ресурстық орталығында өтті.
Іс-шараның мақсаты жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткімен байланысты қылмыстар үшін заңмен қарастырылған жауапкершілікті түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Кездесу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жиналғандарға толыққанды ақпараттар беріп, жаман әдеттерден аулақ болуға, бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы бейнероликтер және кинологиялық қызмет орталығының қызметтік іздестіру иттерінің мүмкіндіктері көрсетілді.
Шара соңында жастар құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №508 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» тиімді іске асыру, Шымкент қаласы аумағына есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз енуіне сенімді тосқауыл қою мақсатында, қалалық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері тұрақты түрде бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Кезекті іс-шара Шымкент қаласында орналасқан «Қазпошта» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының пошта сұрыптау-тасымалдау басқармасында және қалалық теміржол вокзалында жүргізілді.
Онда Кинологиялық қызмет орталығының «Айла» және «Альфа» атты қызметтік иттерінің қатысуымен өткен тексеру, пошта жөнелтілімдері, жолаушылар және жүк тасымалдары арасында есірткі контрабандасын, сондай-ақ өзге де заңға қайшы заттарды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мен жолын кесуге бағытталды.
Атап өту қажет, аталған тексеру жұмыстары «Қазпошта» АҚ құрылымдық бөлімі, Көліктегі полиция департаменті Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімі мен Шымкент қаласының полиция департаменті арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде жүргізілуде.

Шымкент қаласында есірткіге қарсы «Стоп-граффити» іс-шарасы жалғасып жатқанын да айта кету керек.

Бүгінгі таңда ғимараттардың қасбеттеріндегі есірткі жарнамасы өзекті мәселе болып отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты полицейлер есірткі заттарын жарнамалайтын граффити туралы хабарлауды сұрайды.
Егер Сіз көпқабатты үй қабырғаларында, қоршауларда, ғимараттарда қалдырылған осындай жазулардың куәсі болсаңыз, тәртіп сақшыларына дереу хабарлаңыз.

Құқық қорғаушыларға уақтылы жүгіну есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға көмектесетінін ескеріңіз.