ШЫМКЕНТ: Ғабит Сыздықбеков жол және инфрақұрылым жұмыстарын тексерді

0
305

Мердігер мекемеге жасыл желектерді кесуге жол бермеу және абаттандыру кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде қатаң тапсырма берді.


ШЫМКЕНТ: Ғабит Сыздықбеков жол және инфрақұрылым жұмыстарын тексерді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Қаратау ауданындағы Байдібек би даңғылының Алатау көшесінен Абылай хан көшесіне дейінгі бөлігінде жүргізіліп жатқан күтіп-ұстау жұмысын тексерді.

Бұдан бөлек, «Тассай» тұрғын алабындағы Айбын көшесінің қазіргі жағдайымен танысты. Жауын-шашыннан кейін бұл көшеде асфальт жабынының бір бөлігі опырылып түскен. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға топырақтың шөгу себебін нақты анықтап, салдарын қысқа мерзімде жою және орындалып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Әрі қарай Момынов көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы, Сасбұқаев көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары және Жандосов көшесін Адырбеков көшесіне дейін жалғау жұмыстарының барысын тексерді. Жайлы ортаны дамыту басқарма басшысына Жандосов көшесін толық көгалдандырып, абаттандыру міндетін жүктеді.
Сонымен қатар Әл-Фараби ауданында орналасқан 18-ші шағынаудандағы жол жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын бақылады. Мердігер ұйымға құрылыс талаптарын қатаң сақтау және жаңбыр суларын бұруға арналған жүйелерді қарастыру қажеттілігін ескертті.
Сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Дене шынықтыру және спорт басқарма басшылығына көгалды күтіп-баптау мен автоматты суару жүйесін басқаруға маманданған кадрларды даярлау ісінің маңыздылығын айтты.
Тұран ауданында «Ақжар» су қоймасын қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Аралау соңында Жандосов көшесін Қонаев даңғылына дейін жалғау жұмыстарының барысын қарады. Мердігер мекемеге жасыл желектерді кесуге жол бермеу және абаттандыру кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде қатаң тапсырма берді.
Бөлісу