ШЫМКЕНТ: «High Vill Kazakhstan» компаниясы тұрғын үйлердің құрылысын бастады

0
1 300

Е.Айтаханов «High Vill Kazakhstan» компаниясының президентін қабылдады.


ШЫМКЕНТ: «High Vill Kazakhstan» компаниясы тұрғын үйлердің құрылысын бастады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі «High Vill Kazakhstan» компаниясының президенті Ко Денг Хенді қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған басқосуда тараптар «Shymkent City» тұрғын үй кешені жайында сөз қозғап, қала әкімі Е.Айтаханов Шымкенттің дамуы басты назарда екенін, қала орталығын ерекше үлгіде қалыптастыруды көздеп отырғанын жеткізді.

«Шымкент мегаполис қала аталғалы шаһардың дамуы ерекше қарқынмен жүретіні сөзсіз. Біз салынып жатқан нысандардың сапасына ғана емес оның қасбетіне де мән беруіміз қажет. Осы орайда «High Vill Kazakhstan» компаниясына үлкен сенім білдіремін», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Атап айтсақ, іргелі компания жалпы 51,5 га. аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Оған 1 млрд. 350 млн. АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған. Ал салынатын үйлердегі жалпы пәтер саны – 7100. Бұл жаңа жоба «Shymkent City»-дің келбетіне көрік беретін болады.


Тиісінше, әлемге танымал компания да өз кезегінде алдымен 1,3 га. жер теліміне 10 үйді (224 пәтер, жалпы ауданы - 21 543,7 ш.м.) салады және қазіргі таңда үйлердің жер қазу жұмыстары басталып кеткен.


Сонымен қатар, кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы болашақта белді компания қаламызда тек тұрғын үй кешендерін ғана емес, сонымен қатар, аурухана, емхана, мектеп сынды нысандарды салу үшін билік тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.