​ШЫМКЕНТ: Қала басшысы кезекті жеке қабылдауын өткізді

0
663

Қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.


​ШЫМКЕНТ: Қала басшысы кезекті жеке қабылдауын өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың жеке мәселелері бойынша жоспарланған кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Талап-тілегін алға тартқан 200-ден астам тұрғынды қала әкімі М.Әйтеновпен қоса, мәселеге қатысты басқарма басшылары, салаға жауапты әкім орынбасарлары, Шымкент қаласы полиция департамент басшылары мен прокуратура секілді мемлекеттік органдар өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.

Әртүрлі себептермен қиын жағдайда жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды. Мәселенің біразы сол жерде шешімін тапса, тағы біразына уақыт қажет. Ал, орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Көпшілік баспана кезегі, жер телімдерін заңдастыру, жеке кәсіпкерлік нысандарына жер бөлу, жолдар салу сияқты мәселелерімен қатар, іргелес және шалғай жатқан елдімекендердің су, газ, жарықпен қамтылуын сұрауда. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөніндегі сұрақтар да жоқ емес.

Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты шешілу жолдары айтылып, хаттамаға енгізілді.

Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.

Еске салар болсақ, қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.

Айта кетейік, Шаhар басшысының жыл басынан бастап мегаполистегі елдімекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіліп, 1020 мәселе көтерілген. Әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде бүгінге дейін 488 мәселе шешілген, 377-сі жыл соңына дейін шешімін табатын болса, ал 195 мәселе 2023-2025 жылдар жоспарына енгізілген. Одан бөлек, ай сайын аудан белсенділерімен әкімдік ғимаратында қабылдаулар өтуде. Онда атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалып, белсенді тұрғындармен мақұлданып отырды. Соңғы 9 айда 11 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 217 азаматтың мәселесі тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шешімін тапса, 1 476-сы орындалуда, қалған мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетін болады.