Шымкент қаласы жылыжай жобаларын іске асыруда республикада бірінші орында тұр

0
1 606

Шымкент маңайы азық-түлік белдеуіне айналады.


Шымкент қаласы жылыжай жобаларын іске асыруда республикада бірінші орында тұр

Шымкентте жаңадан ашылған жылына 10 миллион банка консервіленген өнім шығаратын зауыттың жұмысымен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шара барысында Отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн айтқан қала басшысы қазіргі экономикалық жағдайда нарықта бәсекеге қабілеттілік өте маңызды екеніне тоқталды.

Ал, жаңадан ашылған зауытқа тоқталсақ, «Дары Сайрама» ЖШС-нің жобалық құны 350 млн. теңге болса, мемлекет бюджетінен 70 млн. теңге субсидия берілген және 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, серіктестік жанында 5 гектар қарқынды жүзім плантациясы мен 1 гектар жылыжай кешені бар. Зауытта шырын құю желісі, тосап өндіру, лечо, томат пастасы, консервіленген қияр, қызанақ және түрлі салаттар сынды өнімдер шығарылады.

Сондай-ақ, қала әкімі күніне 3 тонна сүт өндіретін «Зертас» шаруа қожалығын аралап көрді. Мұнда 128 бастық асыл тұқымды сүтті-етті ірі қара мал шаруашылығы құрылған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған тауарлы сүт фермасында сүт өндіруді арттыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған салалық басқарма басшысы А.Қаныбеков қалада «Бәйтерек» ШҚ 100 бастық тауарлы сүт фермасының қуаттылығы 400 басқа ұлғайтылғанын және осы сынды бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, шаһарда 15 шағын отбасылық сүт фермалары құрылған.

«Қала тұрғындары мен қонақтарын жергілікті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, еліміздің өзге өңірлеріне өнімдерімізді тұрақты түрде жеткізуге жағдай жасау, азық-түлік бағасын бір жүйеге келтіру, жылыжай мәселелері мен Шымкенттің сауда инфрақұрылымын дамыту біздің негізгі міндеттеріміздің бірі», - деді аралау барысында Ерлан Қуанышұлы.


Одан бөлек, ауыл шаруашылық бағытындағы нысандарды аралау барысында қала басшысы «Ильяев» серіктестігінің жылыжай кешенімен танысты. 2018 жылы жұмысын бастаған заманауи құрылғылармен қамтылған кешеннің көлемі 2,2 гектарды құрайды. Ал, серіктестік қожайындары елімізде бұл саламен айналысқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі болып есептеледі.

Өз кезегінде, шаруа қожалықтың иелерімен сөйлескен Ерлан Айтаханов ауыл шаруашылық саласын дамыту бойынша мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтып, шаруалардың ұсыныстарын тыңдады.