Қаланың кондоминиум нысандары «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне толықтай енгізіліп, техникалық паспорттар цифрландырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқаруды жеңілдетуге және айқындылықты қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Шымкент қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жағымды өзгерістер орын алуда.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы - Керімжанов Мерлан Әбдірахманұлы баяндады.
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің басқару жүйесі жаңарып, 1172 тұрғын үй басқару нысаны ретінде тіркелген. Оның ішінде 142 тұрғын үйде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) құрылып, 1030 үйде жай серіктестік (ЖС) жұмыс істеп жатыр. Бұл реформалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және үйлерді тиімді басқаруға бағытталған.
Бұған дейін басқарма басшысы Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы құрылыс саласындағы заң бұзушылықтарды қатаң бақылауда екендігін және жыл басынан бері 645 құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама тіркелсе, оның ішінде 81-і бюджет қаражатымен, 564-і жеке қаржыландырумен жүзеге асқаны туралы айтқан болатын.