​Шымкент қаласының әкімі Астананың 20 жылдығымен құттықтады

0
3 294

Біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктер мен жарқын болашақ құшағын ашып тұр!


​Шымкент қаласының әкімі Астананың 20 жылдығымен құттықтады

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі қала тұрғындары мен қонақтарын Астананың 20 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді еліміз үшін қастерлі әрі маңызды мереке – жүзеге асқан асыл арманымыз, әр қазақстандықтың мақтанышы, Отанымыздың Елордасы – Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Арман қала Астана Сарыарқа төрінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген әрі салиқалы саясатының арқасында пайда болды. Инвестиция мен инновациялық идеялардың, жасампаздық пен жаңашылдықтың, мәдени әрі рухани өмірдің орталығына айналған Астана бүгінгі таңда заманауи Қазақстанның символына, көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігі пен татулығының, жарқын болашаққа деген ұмтылысының символына айналып отыр.

ЮНЕСКО-ның шешімімен берілген «Әлемнің қаласы» құрметті дәрежесін Астана толық ақтап келеді. Еуразияның жүрегіне айналған қалада әлемдік бітімгершілік бастамалары, алпауыт елдердің басшылары бас қосқан, тарихи шешімдер қабылданған талай тарихи жиындар өтуде. ЭКСПО-2017, ШЫҰ төрағаларының отырысы, әлемдік діни конфессия өкілдерінің съездері, Сириядағы жағдай бойынша келіссөздер – осынау маңызды жиындар Астананың ғана емес, Қазақстанның да беделін әлем қауымдастығы алдында жоғарылатады.

Астана жыл сайын көркейіп, жаңа ғимараттар, саябақтар мен гүлзарлар, мәдени нысандар бой көтеруде. Ең батыл сәулеттік жобалар мен шешімдер осында жүзеге асырылады.

Жайнай берсін Астана! Елордамыздың 20 жылдығы мерекесі қарсаңында Оңтүстікке Түркістан облысы атауы беріліп, Шымкент республикалық қала атанды. Астана мен Алматыға қарап бой түзеген Шымкентті алдағы уақытта сөзсіз жаңа жетістіктер күтіп тұр! Біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктер мен жарқын болашақ құшағын ашып тұр!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Астана күнімен, сүйікті Елордамыздың мерекесімен құттықтаймын! Баршаңыздың отбасыларыңызға молшылық пен бейбітшілік, еңбек жолында табыс тілейміз! Өркендей бер, жайнай бер, жарқырай бер, Астана!

Ғабидолла Әбдірахымов,

Шымкент қаласының әкімі