Кешенді оңалту шараларының барысын қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бақылады.
сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты«Қамқорлық» № 8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында аутизм және аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға түзету-дамыту, қоғамға бейімдеу және әлеуметтік оңалту шаралары көрсетілуде.
Кешенді оңалту шараларының барысын қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бақылады. Мұнда қазіргі таңда 100-ден астам бала қызмет алуда. Ем шаралары кезінде робототерапия әдісі кеңінен қолданылады. Мамандар тіл дамуы тежелген балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Жеке және топтық жұмыстардың нәтижесінде балалардың визуалды қабылдауы, қимыл-қозғалыстары мен дағдыларында оң өзгерістер байқалуда. Логопедиялық жұмыстар жүргізу негізінде балалар анық сөйлей бастаған.
110 орындық мекеме жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық, робототехника және лего-бөлмелері, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері, сондай-ақ тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген.