«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында орнатылатын болады.
Шымкент қаласы «Химфарм» шағын ауданында үш ойын алаңшасы салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Химфарм» шағын ауданында 9 мыңнан аса тұрғын тұрады. 1 мектеп, 1 балабақша, 1 емхана, 8 аула, 1 спорт алаңшасы бар.
Шағын аудан электр, ауыз су, табиғи газ, интернет желісімен толығымен қамтылған. Кәріз жүйесі 30 пайызға шешілген. Биыл жұмыстарды жалғастыру үшін «Су Ресурстар-Маркетингі» ЖШС-мен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілуде, ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу келер жылға жоспарлануда. Бұл туралы бүгінгі қала әкімі М.Әйтеновтің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Аумақта екі көше (Ерметов, Баян батыр) асфальтталмаған. Ол мәселе 2023 жылы шешімін таппақ.
10 көше жарықтандырылған болса, 3 көше жарықтандыруды қажет етеді. Бұл жылы Бөгет және Ақбастау көшелері, 2024 жылы Суриков көшесіне жарықшамдар қою жоспарға енген.
Сонымен бірге, биыл көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына 3 балалар ойын алаңшасы (Суриков көшесі №1-1а; Суриков көшесі №5 – Суворов көшесі №6; Суворов көшесі №2-4) «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында орнатылатын болады.
№16, 96, 146 қоғамдық көліктері қатынайды. Қоқыстарды тазалау жұмыстары «СпецАвтоТранспорт» ЖШС тарапынан аптасына 1 рет жүзеге асады.