​ШЫМКЕНТ: Қоғамда қызу талқыға түскен бейнеролик мемлекет қаржысына түсірілмеген

0
989

Қалалық Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаға бейнероликтер жасау бойынша 8 млн.теңге қарастырылған.


​ШЫМКЕНТ: Қоғамда қызу талқыға түскен бейнеролик мемлекет қаржысына түсірілмеген

фото: кадрдан скринделген

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазнетте қызу талқыланып жатқан қысқа метражды бейнероликке байланысты брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баспасөз мәжілісіне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев және «TALAS FILM» киностудиясының директоры, режиссер Серік Таласов қатысты.

Қала әкімінің орынбасары А.Мамытбековтың айтуынша, қалалық Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаға бейнероликтер жасау бойынша 8 млн.теңге қарастырылған.
"Мемлекеттік сатып алу конкурсында бес бейнеролик пен бес сценарий бойынша 6,2 млн.теңге ұтып алған. Қазіргі таңда орындаушыға 3 млн.теңге аударылған. Оның ішінде бір бейнероликті жасау үшін 1 млн 250 мың, 2,5 млн.теңге 2 бейнероликті дайындауға және 5 сценарий бойынша 3 млн.теңге аударылған. Аталған бейнероликтердің мақсаты жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, бос уақытын тиімді өткізу және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған. Жалпы қала әкімі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан бейнеролик жөнінде хабардар. Мұрат Дүйсенбекұлы арнайы тапсырма беріп, бүгінде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындыларын алдағы уақытта арнайы жариялаймыз. Ал мақсатты бейнероликтерді дайындау барысында заң аясында оны бақылауға алуды жоспарлап отырмыз", – деді қала әкімінің орынбасары А.Мамытбеков.
Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаевтың мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жатқан бейнероликке жергілікті бюджеттен қаржы қаралмаған. «TALAS FILM» киностудиясымен әріптестік меморандум жасалғанымен, аталған бейнероликті түсіру туралы нақыт келісім болмаған. Яғни, Жастар ресурстық орталығы тарапынан роликтің сценариі бекітілмеген.
" Жастар ресурстық орталығы ғимаратында бірқатар ұйымдар мен түрлі шығармашылық бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Оның ішінде «TALAS FILM» киностудиясы да бар. Бұған дейін аталған киностудия насихаттық роликтер түсіру кезінде орталықтың логотипін пайдаланып отырған. Бұл роликке мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Ол ролик «TALAS FILM» киностудиясында өз қаражаттарына түсірілген. Бір айта кетерлігі, роликтің соңында «қолдау білдіреді» деген сөздің орнына «тапсырыс береді» деп жазылып кеткен. Бұл олқылықты байқаған соң, орталықтың логотипін алдырып тастадық. Осы секілді басқа да материалдардың таралмауын қатаң бақылауға аламыз. Біз әйелдердің құқықтарын, отбасылық құндылықтарды, балалар мен жастардың құқықтарын қорғауды дәріптеп, сәйкесінше, ешқандай жағдайда да жеке алынған адамның сырт әлпетіне қарап кемсітуге жол бермейміз, – деді Ж.Қалтаев.
Сондай-ақ, брифингте режиссер С.Таласов аталған бейнеролик жайлы өз ойын білдірді.
"Бейнероликте қателік бар шығар. Бірақ біздің түпкі мақсат – қазақтың ұлттық тəрбиесін сақтап қалу. Яғни, бейнеролик осы мақсатпен түсірілген. "Тəрбие тал бесіктен". Өзімнің өсіріп отырған үш қызым бар. Олардың келешегі мені алаңдатады. Сол себепті қоғамның осындай кейбір келеңсіз тұстарын ашық көрсете отырып, қаз қалпында жеткізгіміз келді", – деді С.Төребекұлы.