ШЫМКЕНТ: Көлік компанияларына қойылатын талап күшейді

0
435

Жолаушылардың талабын орындамайтын тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылады.


ШЫМКЕНТ: Көлік компанияларына қойылатын талап күшейді

Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалдау қызметі сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңа автобустармен толығып, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов тікелей эфир барысында айтты.
«Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік компанияларына қойылатын басты талап – бәсекеге қабілетті болу. Қазіргі таңда жолаушылардың талабын орындамайтын тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылады. Шаһарда автобустарды жаңартып, аралық интервалды сақтау, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау талап етілуде. Сонымен бірге, субсидия алатын тасымалдаушыларға да талап күшеюде. Қазір шалғайдағы барлық елдімекендер жаңа автобустармен толық қамтылды. Қазір бәсекенің, нарықтың заманы», - деді басқарма басшысы.
Мәселен бүгінде қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған «Бек-Сервис» және «MAN Оңтүстік» компанияларымен келісімшарт біржақтама бұзылды. Себебі жолаушылар тарапынан, ауа баптағышы жоқ, интервал сақталмайды, автобус ескі деген мәселелер көтерілген болатын.
Жаңа автобустар кезең-кезеңімен жаңартылып, қалада жаңа аялдамаларды орнату жұмыстары қолға алынған. Қалада 1886 аялдама орны болса, 442-не аялдама жетіспейді. Соның бәрі кезең-кезеңімен ауыстырылады. 2021-2025 жылға арналған даму жоспарына сәйкес, 5 жылда 1050 аялдама қою жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 670 жаңа аялдама қойылды. Бес жылда аялдамаларды жаңарту 83 пайызға жетпек. Жалпы жыл басынан бері басқарма тарапынан қала бойынша 63 аялдама демонтаж жасалып, шалғайдағы елдімекендерге орнатылды.
Эфир барысында тұрғындар тарапынан осы бағыттағы сауалдар жолданды, сала жетекшісі әрбір сұраққа жеке-жеке жауап берді.