Шымкент көшелеріндегі қураған ағаштар қаланың сұрқын қашырып тұр

0
2 577

Ал қаланың көркін сақтауда мердігер компаниялардың 400-ге жуық жұмысшысы айналысады екен.


Шымкент көшелеріндегі қураған ағаштар қаланың сұрқын қашырып тұр

Шымкент – жасыл шаһар. Дегенмен, қаланың осынау әдемілігін бұзып, сұрқын қашырып тұрған мәселе де жоқ емес. Басты көшелеріндегі ағаштардың кейбірінен қураған, электр желісі мен көліктерге зиян келтіруі мүмкін бұтақтарды көруге болады. лар кез келген сәтте сынып кетіп, тіпті тұрғындардың да өміріне қауіп төндіруі әбден ықтимал.


Мысалы, Шымкент қалалық ТЖД-ның хабарламасына сәйкес, 2019 жылдың 30 шілдесінде Абай ауданы Абай даңғылы бойында орналасқан «Атамекен» дүкенінің төбесіне өтіп бара жатқан адамдарға қауіп төндіретін ағаш құлап кеткенін немесе Мангелдин көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тұрған «Opel Vectra» көлігінің үстіне ағаштың бұтағы сынып түскенін айтсақ болады.


Ал, бұл мәселенің төңірегінде кімдер, қандай жұмыстар атқарып жатыр?

Аталған сұраққа Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы Көріктендіру бөлімінің бас маманы Жандос Оспанов жауап берді. Оның айтуынша, жалпы жыл басынан бері Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен мердігер компаниялар тарапынан қала аумағындағы 125 басты көшедегі ағаштарды агротехникалық талаптарға сай ету мақсатында, оның ішінде 80 көшедегі ағаштарды пішінге келтіріп бұтау, қураған бұтақтарды қырқу үшін арнайы мамандар жұмыстар жүргізген.

Атап айтсақ, бұл жұмыстармен арнайы мамандандырылған «ЛТД Тұрмыс» ЖШС және «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ның арнайы 5 автотехникасы мен 400-ге жуық мамандары салаларға бөлініп айналысады екен. Сонымен қатар, ағаштардың жағдайы мен жұмыс барысы жыл бойы бақылауда болатынын айтты бас маман.


Ал, қала тұрғыны Айдосов Жандарбектің айтуынша, ол қураған, құлайын деп тұрған немесе электр желілеріне зиян келтіруі мүмкін ағаштарды қала көшелерінен жиі байқайды екен.

"Мен көшеде көп жүрем, қураған ағаштарды да көп көрем. Сосын, осымен айналысатындар неге ағаштарға қарамайды екен деп ойлаймын. Сондай ағаштардың құлауынан көптеген апаттық жағдайлар болып жатыр ғой. Жауаптылар жұмыс істеп, қураған ағаштарды кестіріп тастаса, қаланың көркеюіне де, адамдардың қауіпсіздігіне де көп пайдасы тиетін еді. Мүлдем жұмыс істемейді деп те айта алмаймын, кесіп жатқандарын көреміз. Мүмкін үлгере алмай жатқан шығар", - дейді Айдосов Жандарбек көшелердегі ағаштардың жағдайы мен жауапты қызметкерлердің жұмысына қатысты.


Ал, Ж.Оспановтың сөзіне сүйенсек, жұмыс күші қала көшелеріндегі ағаштарды реттеп отыруға толық жеткілікті. Алайда, үшінші мегаполис көшелеріндегі жағдайға қарап, ағаштардың қауіпсіздігі жіті бақылауда деп айту қиын сияқты. Яғни, ол айтқан 400 жұмысшының назарына мына көшелердегі қурап, қаланың сынын бұзып тұрған ағаштар қалып кеткен тәрізді.

Оның дәлелі ретінде, Шымқаладағы «Ақпан батыр», «Толстой» және «Ғани Иляев» атындағы үш көшенің өзінен қурап электр желісіне қауіп төндіріп тұрған бірнеше ағашты байқадық.

Ақпан батыр көшесі



Толстой көшесі


Ғани Иляев көшесі


Ал қаладағы мекемелердің бірінде бағбан болып қызметін етіп жүрген Қойбағаров Нұралы Әбілбайұлы ағаштарды қалай баптап өсіру керек екенін, оларды уақытылы отап тұрмаса, қауіпті жағдайлар тудыруы әбден мүмкін екенін айтады.

"Ағаштарды белгілі-бір уақыт аралығында отап, биіктігі алты метрден асқанда бұтақтарды кесіп отыру керек. Ал, қураған бұтақтар болса, бірден алып тастаған дұрыс. Мен осы заңдылық бойынша өзім жұмыс істейтін мекеменің ағаштарын тұрақты түрде бақылап жүремін. Әйтпесе, қазіргі таңда орын алып жатқан зиянды, қауіпті жағдайларға жеткізуі әбден мүмкін", - деді ол.


Айтпақшы, Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы Көріктендіру бөлімінің бас маманы талапқа сай келмейтін бұтақтарды кесу жұмысы қалай жүретінін айтып берді. Оның айтуынша, қала көшелеріндегі жасыл желектерді күтіп-баптаушы мекемелер тарапынан күнделікті аралау барысында қураған бұтақтар мен бұтақшалар міндетті түрде кесіліп, электр сымдарына зиян келтіруі және көліктерге тиюі мүмкін ағаштар тұрақты түрде бұталып отыратын көрінеді.


Бірақ, Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы ғимаратының маңында да дәл осындай жағдайды байқадық – қалаға көрік беріп тұрған үлкен ағаштың ұшар басында қураған бұтақтары жасыл желектің сұрқын қашырып-ақ тұр. Бұл көрініске қарап, жауапты мамандардың ең алдымен өз ғимараттарының алдындағыны байқамаған соға жоғарыда аталған көшелердегі қураған ағаштарды "байқамай өтіп кетуі" заңдылық па деп ойладық...

ERNUR.KZ