Көшпелі отырыс аталған ауданның төрт аумағында өтті.
ERNUR.KZ. Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың сұранысы бойынша әр ауданның тұрғындарымен арнайы барып кездесті.
Ең алдымен, жоспарға сәйкес Қаратау ауданы тұрғындарымен жүздесіп, өзекті мәселелерін тыңдады. Көшпелі отырыс аталған ауданның төрт аумағында өтті.
Шымкент қаласының № 9 көркем гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бірқатар мәселе көтерілді. Қала әкімінің назарын ғимараттың шатырынан өтіп жатқан су, қабырғаларды жаңарту, бейнекамералар орнату және жылу мәселесіне аударды. Қазіргі уақытта спорт мектебінде оқу тобының саны 51, ал жаттығатын шәкірт саны 400-ге жетіп отыр. Спорт кешенінде 4 жаттығу, 750 орындық жарыс және хореография залдары бар.
Екінші көшпелі кездесуде қала әкімі Қаратау ауданы аумағындағы Нұрсәт тұрғын алабында үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында салынған жаңа мектеппен танысты.
Жеке инвестор есебінен заманауи үлгіде салынған білім ошағы – 1 425 орындық, сыйымдылығы 3 000 оқушыға арналған. Жабық 2 спорт залы, 2 ашық алаңы бар. Асхана бір мезетте 500 балаға арналған. Ғимарат 3 қабаттан тұрады, ауданы – 27234,1 шаршы метр. Аталған мектеп Нұрсәт, Нұртас, Тассай, Мирас шағын аудандарының балаларын қамтиды.
Қала басшысы Нұрсәт тұрғын алабындағы № 101, 102, 103, 104, 105, 106, 107, 108 үйлерінің аулаларына биыл орнатылған жаттығу элементтері және балалар ойын алаңшаларын бақылап, тұрғындардың мәселелеріне көңіл аударды.
Халық № 101, 108 үй аулаларына бейнебақылау камералары мен көшеге жылдамдықты бәсеңдеткіш белгісін орнату керектігін айтты. Сондай-ақ № 101, 108 көпқабатты үйдің қасбетін қайта ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, № 101, 102 көпқабатты үйлердің жертөлесінде салынып жатқан құрылысты (бассейн) тоқтатуды талап етті. Аумақтағы 8 көпқабатты үйде 448 пәтер орналасқан, тұрғын саны 2 000-ға жуық адамды құрайды.
Қаратау ауданындағы соңғы көшпелі жүздесуде қала әкімі жеке инвестордың қаражатына салынған «Сарыбай» спорт кешенін аралап, Шапырашты елдімекені тұрғындарының мәселесімен танысты. Халық аталған аумақта табиғи газ қысымы төмен екенін жеткізіп, жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыруға ықпал етуді сұрады.
Оған қоса, «Сарыбай» спорт комплексі ертерек іске қосылса деп өтініш білдірді. Бұл кешенде қазақ күресі, дзюдо, бокс, грек-рим, еркін және әйелдер күресі, спорттық гимнастика бағыттары қамтылып отыр. Мұнда Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу және Көктерек елдімекендерінен 1 000 балаға дейін жаттыға алады.
Тұрғындардың өзекті мәселелерімен етене танысқан қала әкімі халықтың өтініш-тілектері орындалатынын айтып, барлығы заң шеңберінде шешілетінін жеткізді.