Бүгінде Шымкент қаласында креативті экономиканың әлеуетті 3 бағыты анықталып отыр.
Шымкент қаласында креативті индустрияны дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық кешенді жоспар әзірленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Мұратбекұлы брифинг барысында айтты.
Жоспарға сәйкес, саланы
мемлекеттік қолдау, ішкі және халықаралық нарықта креативті өнімдерді ілгерілету, қоғамдық креативті кеңістіктер құру, креативті шаралар өткізу қарастырылған.
Осы ретте, Шымкент қаласында креативті хаб құру мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның өкілдерін арнайы шақыру арқылы креативті хабқа арналған орынмен таныстыру жұмыстары жүргізіліп, хабтың функциясы белгіленді. Бүгінде аталған орталықта «Sifro» компаниясы, «Диспетчерлік орталық», «Төлем» қоғамдық көліктерде төлем жасау жүйесі, интерьерлік компания шоғырланған.
Бүгінде Шымкент қаласында креативті экономиканың әлеуетті 3 бағыты анықталып отыр. Олар сән, IT және кинематография. Бұл салаларда қала көлемінде 639 кәсіпкер тұтынушыларға өз қызметін ұсынады.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе сала кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, креативті индустрияның өзекті мәселелері мен ұсыныстар тыңдалды. Нәтижесінде «Шымкент қаласының дизайнерлер ассоциациясы» «Шымкент қаласы креативті индустрия ассоциациясы» болып қайта құрылымдалды және «Ташенов университетінің» базасында «Креативті бизнес-инкубатор» құрылды.
Айта кетейік, Наурыз айында «Шымкент қаласы креативті индустрия ассоциациясымен» бірлесе Нью-Йорк, Милан, Париж секілді ірі сән апталықтарының негізін қалаушылар бастаған 30 шетелдік дизайнерлердің қатысуымен «Responsible Fashion Series» іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар «ShymQala» тарихи-мәдени кешенімен танысып, ұлттық киімдердің сән көрсетілімін тамашалады және ұлттық тағамдар дайындаудың шеберлік-сағаттарына қатысты.
Бұдан бөлек, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және «Jusan» банкінің бірлескен бастамасы аясында Шымкент қаласында «Креативті art» жобасы бастау алуда. Жобаға сәйкес, қаланың орталық көшелерінің біріндегі көпқабатты ғимаратта «Этно стильдегі мурал» салынатын болады. Бүгінгі таңда муралды салу үшін орын таңдалып қалалық сәулет басқармасымен келісу жұмыстары жүргізілуде.