Қала әкімі М.Әйтенов аумақта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Шымкент қаласы Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым. 2021 жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 74 пайызы аяқталған.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Аталған басқармалардың дерегінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2022 жылы 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде.