​ШЫМКЕНТ: Құрсайды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарының 95%-ы аяқталды

0
625

Аталған елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту құрылысы өткен жылы басталған.


​ШЫМКЕНТ: Құрсайды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарының 95%-ы аяқталды

Үшінгі мегаполисте тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту құрылысы өткен жылы басталған. 1-кезек бойынша, 185,5 шақырым су құбырын тарту құрылысының бүгінде 95 пайызы аяқталды. Ал, 2-кезек бойынша, 151 шақырым су жүйесін орнату қажет болса, бүгінде оның 94 пайызы тартылды.

Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне су беру мақсатында жоба бойынша 1000 м3-тан 2 дана су жинау резервуарының құрылысы қарастырылған. Резервуардан шыққан ауыз су екі сорғы станциясы арқылы абоненттерге беріледі. Қазіргі таңда, резервуардың қабырғалары құйылуда. Құрылысын желтоқсан айында аяқтап, іске қосу жоспарланған.

Бүгінгі таңда, Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда. Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өспек.

Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Айта кетейік, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Аталған басқармалардың дерегінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған.