Шымкент пен Бішкектің туристік компаниялары бірлескен тур ұйымдастырады

0
737

Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «KATO» Қырғыз туристік ассоциация арасында екі-жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Шымкент пен Бішкектің туристік компаниялары бірлескен тур ұйымдастырады

Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында Шымкенттің туристік әлеуеті таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараға Қырғыз елінің 30-дан астам түрлі туристік бизнес өкілі қатысты. Олардың қатарында ірі туристік компания Ak-Say Travel, Asia Expedition, Travel experts, Kyrgyz tourism, Қырғыз туристік ассоциация және т.б туристік бизнес өкілдері бар.
Жалпы роуд-шоу барысында инвестициялық және туристік ахуалды жақсарту, қала экономикасына шетелдік инвестициялар тарту, Шымкентті халықаралық туристік орталық ретінде ілгерілету жөнінде басым бағдарламалар, жоспарлар мен мүмкіндіктер айтылды. Шымкенттік «Cit travel» компаниясы шетелдік серіктестерге өздері туристерге ұсынатын «Black cash» ойын-сауық турларынан бастап, рекреациялық, іскерлік және экотуризмге дейінгі туристік қызметтердің барлық түрлерін таныстырды. Қатысушыларға Шымкент жайлы бейнероликтер көрсетіліп, қазақ фольклорлық музыкасының концерттік бағдарламасы және қазақ халқының гастрономиясы, яғни ұлттық тағамдары ұсынылды.
Роуд-шоу аясында Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «KATO» Қырғыз туристік ассоциация арасында екі-жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Одан бөлек, Шымкент қаласының «Cit travel» және Қырғызстанның «Asia expedition» туристік компаниялары арасында бірлескен турларды ұйымдастыру бойынша келісімге келді. Жалпы қырғызстандық туроператорлар Шымкенттің туристік әлеуетін, сондай-ақ іскерлік бағдарламаны жоғары бағалап, туризм саласындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге қызығушылық білдірді. Бұл қадамдар екіжақты туристік ағымды ұлғайтып қана қоймай, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруда, өзара инвестициялар тартуда және мемлекеттер арасындағы саяси диалогты кеңейту үшін де өз септігін тигізеді.