ШЫМКЕНТ: Реновация бағдарламасы аясында салынатын үйлердің инфрақұрылымы пысықталды

0
568

Құрылыс жұмыстары жергілікті халықтың келісімі негізінде жүргізіледі.


ШЫМКЕНТ: Реновация бағдарламасы аясында салынатын үйлердің инфрақұрылымы пысықталды

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов реновациялау бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің инфрақұрылым жүйелерін жүргізу бойынша арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқосуда бағдарламаны іске асыру тетіктері мен құрылыс барысы талқыланды.
Еске сала кетейік, Шымкентте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында алғаш рет реновациялау бағдарламасы іске қосылуда. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды. Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бағдарлама шартына сәйкес, құрылыс жұмыстары меншік иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі. Жаңа бағдарлама қала көркін қашыратын ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік беріледі.
Қазіргі таңда қала аумағында тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен 6 үйді бұзып, заманауи талапқа сай жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға бағдарламаны тиімді іске асыруды, инженерлік жүйелер құрылысын талаптарға сай жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында жыл соңына дейін 40 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, биыл коммуналдық меншіктегі 20 тұрғын үйге қайтарымсыз негізде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Былтыр қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен болатын. Құрылыс барысында тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, кіреберісі мен жертөлелері, қасбеттері жаңартылды. Жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады.