Қала бойынша қажет жерлерге қоқыс жәшіктерін қоюды міндеттеді.
ERNUR.KZ. Бүгінгі аппараттық отырыста бірқатар мәселе қаралып, мегаполис басшысы жауаптыларға қала тазалығын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиында қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев баяндама оқыды.
Оның айтуынша, қалада 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Аталған аймақтарда 345 жобаны жолға қою көзделген. Бүгінге дейін 229 млрд теңгені құрайтын 8,6 мың жаңа жұмыс орнымен 285 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта қосымша 8 жаңа өндірістік алаңын құру жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда Біржан Қанатұлы индустриалдық аймақтарға қатысты сұрақтар бойынша мәселе қозғады. Ал қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мегаполистегі психикалық денсаулық орталығының әр аумақта орналасқан 8 бөлімшесін бір типтік ғимаратқа біріктіру қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.
Аппараттық мәжілісте қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы инфрақұрылым ұйымдастыру жұмыстарының барысын мәлімдеді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков баяндамалар негізінде тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ қала бойынша қажет жерлерге қоқыс жәшіктерін қоюды міндеттеді.