ШЫМКЕНТ: "Солтүстік саяжай" шағынауданына табиғи газ берілді

0
398

Биыл қалада табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы 6 нысанда жүргізілуде.


ШЫМКЕНТ:

Шымкент қаласының табиғи газсыз отырған тағы бір шағынауданына көгілдір отын берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл қалада табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы 6 нысанда жүргізілуде. Газдандыру жұмыстары Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық шағынаударында атқарылуда.
Бүгінде Солтүстік Саяжай елдімекеніне көгілдір газ берілді. Шағынауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Жалпы абонент саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары басталды.
Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданын толық газдандырып, Ынтымақ-2 елдімекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға жететін болады.

Еске сала кетсек, 2023 жылы Шымкент қаласында 6 елдімекен табиғи газбен қамтылатындығы туралы ақпарат жарияланған. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен елдімекендерді табиғи газбен қамту және даму перспективасы талқыланған арнайы жиында айтылған болатын.

Бүгінде қала аумағындағы 7 251 шақырым газ желілерінің 14 пайызы тозған. Былтырғы жылы Жаңғырту бағдарламасы аясында «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 76 шақырым газ құбырын жаңарту жұмыстары басталған болатын. Шілде айына дейін 51 шақырым газ құбыры қалпына келтірілетін болады.
Жыл қорытындысымен Сәуле, Ақтас шағынаудандарында 2 магистральды желінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ биыл Ақтас, Ақтас1, Нұршуақ, Ақжар, Арғымақ, Тұран шағынаудандарында 10 мыңнан астам абонент көгілдір газ желісіне қосылады. Бүгінде тағы 8 елдімекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданында 2023 жылы табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайтын болады. 2022 жылы Ақтас-2 елді-мекенінде мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, абоненттерге қосылу бойынша жұмыстары аяқталды.