ШЫМКЕНТ: Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы беріледі

0
3 606

Кез келген азамат сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тікелей Департаментке немесе Call-орталыққа хабарлай алады.


ШЫМКЕНТ: Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы беріледі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментімен 41 қылмыс тіркелген, оның ішінде 31-і сыбайлас жемқорлық фактілері және анықталған жемқорлық қылмыстарының басым бөлігін парақорлық (20) және жымқыру (18) құрайды.

Сондай-ақ, өндірісте болған 144 қылмыстық істің 119-ы тергеумен аяқталған және 45-і сотқа жолданып, сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 33 тұлға, оның ішінде 1-і республикалық, 3-і облыстық, 2-і – аудандық деңгейдегі басшылар ұсталған және 23-і сотталған.


Сонымен қатар, бүгінгі таңда азаматтар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тікелей Департаментке немесе Call-орталықтың 1424 бірыңғай нөмірі арқылы хабарлайды екен. Ал, ақпараттың дұрыстығы, сондай-ақ заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайда олар ақшалай сыйақымен мадақталып отырады. Тиісінше, қазіргі уақытқа дейін 7 адамның хабары бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жолы кесіліп, олар 1 млн. 153 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталған.

Айта кетейік, қаладағы осындай жұмыстардың жандануы үшін «Адалдық алаңы» «Protecting business and investments», «Сапалы жол», «Адал ұрпақ», «Саналы Ұрпақ», «Адал жол» және «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» секілді жобалар әлеуметтік-маңызы бар салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында жұмыс істеп жатыр.