​ШЫМКЕНТ: «Таза қала» акциясы мәресіне жетті

0
948

Аталған акцияның басты мақсаты – тұрғындардың қала мен ауласын таза ұстауға біріктіру.


​ШЫМКЕНТ: «Таза қала» акциясы мәресіне жетті

Шымкент қаласында «Таза қала» акциясы аяқталып, қорытындысы шығарылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Дәстүрлі конкурс қала тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны абаттандыруға үндейді. Биыл оныншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан акцияға Шымкент қалалық әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйытқы болып отыр.

Аталған акцияның басты мақсаты – тұрғындардың қала мен ауласын таза ұстауға біріктіру. Бұл жоба ең таза аула мен үздік көшені анықтауға, сондай-ақ қала тазалағын сақтауға бағытталған. Акцияға қатысуға қаланың барлық тұрғындары өтініш білдіре алады. Жас ерекшеліктеріне ешқандай шектеу жоқ. Яғни шаһардың кез-келген тұрғын қатыса алады.

Қалалық Азаматтық Альянстың ресурстық орталығында акцияның қорытындысы шығарылуда. Комиссия құрамында басқарма өкілі мен Азаматтық Альянстың мүшелері, қаладағы төрт аудан әкімдігінің қызметкерлері бар. Әр аудан өкілі өз ауданы үміткерлерінің жұмысын бағалауға қатыса алмайды.

Биылғы үміткерлерді бес номинация бойынша қарастырып отырмыз. Олар – үздік аула, үздік көше, үздік үй, үздік аула тазалаушы және үздік тұрғын алаптар. Бұл акцияға қатысуда шектеу болған жоқ, кез келген тұрғын немесе үй төрайымы қатыса алады. Алдымен әр ауданда өзара үздігін анықтап, осы комиссия отырысында қарауға жібереді. Мұндағы мақсатымыз – қала тазалығын сақтауға үндеу, – дейді ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның мүшесі, әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Айтбекқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның биылғы ерекшелігі – 5 номинацияның үздіктері қаладағы 4 аудан бойынша анықталады. Жеңімпаздарға ақшалай жүлде табысталады. Биылғы акцияның жүлде қоры 4,3 миллион теңге.

Айта кетейік, жылдан жылға аталған байқауға қатысушылардың саны артып отыр. Жобаның нәтижесі де жоқ емес. Шымкентте таза аула мен көшелер саны артып келеді.