Су арнайы сүзгі арқылы өткізіледі.
Шымкент қаласындағы Тұран ауданы әкімі аппараты тарапынан аудан аумағындағы халық көп шоғырланатын аумақтарға 13 ауызсу бұрқағы орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Заманауи қондырғылар композициялық мәрмәр тастан жасалған әрі арнайы сүзгі орнатылған.
Ауызсу бұрқақтары сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда көрсетілген талаптарға сәйкес қондырылды. Су құбыры жүргізіліп, орталық сумен жабдықтау желілеріне қосылған және арнайы су өлшегіш құралы орнатылған.
Ауызсу бұрқағы көктем-жаз мезгілдерінде пайдаланылатын болады. Күзгі-қысқы мерзімде су бұрқақтарына орталық құбырдан ысырма арқылы су беру тоқтатылады. Алдағы уақытта ауызсу бұрқақтарын күтіп-ұстау жұмыстары «Тұран» КММ-нің тарапынан жүргізілетін болады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, субұрқақтар орнатылған орындар:
1. Мәделі қожа және Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында – 2 дана
2. Байтұрсынов және Бекбосынов көшелерінің қиылысында – 1дана
3. Байтұрсынов және Жандосов көшелерінің қиылысында – 1 данаМомышұлы даңғылы және Желтоқсан көшесі қиылысында – 1 дана
4. Момышұлы және Республика даңғылы қиылысында – 1 дана
5. Дулати және Рысқұлов көшелерінің қиылысында – 1 дана
6. Темірлан тас жолы және Желтоқсан көшесі қиылысында – 1 дана
7. Республика даңғылы және Асқаров көшесі қиылысында – 2 дана
8. Темірлан тас жолы және Қожанов көшесі қиылысында – 1 дана
9. Темірлан тас жолы және Темірқазық көшесі қиылысында – 1 дана
10. Темірлан тас жолы және Мангельдин көшесі қиылысында – 1 дана
Ақпарат үшін айта кетсек, ауызсу бұрқағы қаланың келбетіне эстетикалық көрік қосып, жаяу жүргіншілердің шөлін басады. Себебі, су арнайы сүзгі арқылы өткізіледі.
Аталған жұмыстар биылғы жылдың маусым айында басталған, шілде айының соңында аяқталатын болады. Сондай-ақ, субұрқақтар шомылу маусымының соңына дейін жұмыс істейді. Барлық ауызсу бұрқақтары орталықтандырылған су құбырына тікелей қосылады.