Шымкентте Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген көше бар

0
1 446

Халық алдында есеп берген әкімге тұрғындар толып жатқан мәселелерін айтып шағымданды.


Шымкентте Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген көше бар

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің есептік кездесуі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреевтің жылдық есебін тыңдауға ауданға қарасты Сайрам, Шапырашты, Өтеміс, Орманшы, Достық , Қызылсу, Мәртөбе, Исфиджаб алабтарының тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты басқарма және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. 250 мыңға жуық халқы бар ауданның басшысы алдымен жыл бойына елдімекендерде атқарылған жұмыстарына тоқталып:

«Аудан бойынша 47,202 жеке үй болса, оның 37 511-і тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтылды. 5211 үйге кестемен, 4431 үйге тасымал арқылы су жеткізіледі. Бүгінде Сайрам тұрғын алабының жаңа құрылыс аумағына ауызсу жеткізу бойынша құрылыс жүріп жатыр. Жыл соңында сапалы су толығымен жетеді», - деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек елдімекендердегі өзекті мәселе саналатын электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету және аяқжол, жол құрылыстары, абаттандыру мен қала тазалығы барысы баяндалды. Ал, есеп тыңдалған соң жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілектеріне кезек берілді. Алғашқы болып сөз алған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев өткен жылы қарастырылған бюджет қаржысы аз болғанымен, Қаратауда көптеген тірліктің қолға алынғанын жеткізіп:

«Ендігі үлкен мәселе – тарихи-мәдени ескерткіштерге бай Сайрам тұрғын алабында туризм бағытын дамытуды қолға алу. Ол үшін алдымен жол мәселесін бірлесе шешсек», - деген ұсыныс айтты.

Сондай-ақ, Қаратау ауданына жаңадан қосылған елдімекендер мәселесін қалалық мәслихаттың депутаты Х.Ахматханов: «Сайрам ауданынан қосылған елдімекен тұрғындары диханшылықпен күн көріп отырғандықтан, ауыл шаруашылығының дамуы нашар. Өйткені, олар ағын суға зәру. Бізде 12 қанал бар. Егер олар жөнделіп, тазаланса, талай адам егіншілікпен айналысуына болар еді», - деп жеткізді.

Сонымен қатар, ауданға қарасты Достық алабының тұрғындары мемлекеттік трансформаторға қол жеткізе алмай келе жатқанын айтады. Ал, азаматша З.Бекмырзаева Мәдениет көшесі Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмегенін, жарықтандыру, жол салу қажеттігін айтып, шағымданды.

Есептік жиында айтылған шағымдарға жауапты басқарманың мамандары жауап беріп, аудан әкімі әр шағымның ескерілетінін және бақылауда ұстайтынын атап өтті. Исамидин Қантөреев, сондай-ақ, биыл ең маңызды деген жарық, ауыз су мен жол мәселесін бірлесе шешуге уәде берді.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі