ШЫМКЕНТ: Түрлі этнос жастар мақал-мәтел айтудан сайысты

0
3 206

Шымкентте «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы аясында түрлі этнос жастары мақал-мәтелдер мен билеріміздің даналық сөздерін айтудан, қара өлең оқудан сынға түсті.


ШЫМКЕНТ: Түрлі этнос жастар мақал-мәтел айтудан сайысты

Түрлі этнос жастарының мемлекеттік тілде сөйлеу мәдениетін дамытуды көздеген іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы аясында өтті - деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Оған негізінен қалалық ассамблея жанында ашылған мемлекеттік тілді оқып-үйрету курсының оқушылары қатысып, теориялық білімді практика жүзінде қолдану дағдыларын дамытты.
Шараға қатысушылар өзара үш топқа бөлініп, Отан, тіл, достық, бірлік тақырыбында мақал-мәтелдер мен билеріміздің даналық сөздерін айтудан, қара өлең оқудан сынға түсті.
Сондай-ақ, басылымдарда жарияланған мақалалардан үзінді оқып, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін көрсетті. Байқау барысында қазақтың отыздан астам мақал-мәтелдерін жатқа айтып, Абайдың өлеңдерін оқудан алдына жан салмаған Сайфиддин Османов үздік деп танылды.
"Қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Алайда, қалалық ассамблея жанындағы тегін тіл үйрету курсы арқылы мемлекеттік тілде дұрыс жазып-сөйлеуді үйренуді бастадым. Бүгінгі сайыс тілімізді жаттықтырумен қатар қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығымызды одан әрі арттырып отыр. Тіл үйрену – түсіністікті арттырып, бірлігімізді нығайта түседі", - дейді түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі С.Османов.
Айта кету керек, Шымкентте түрлі этнос өкілдеріне арналған мемлекеттік тілді оқып- үйрету курсы осы жылдың ақпан айында жұмысын бастаған. Игі бастаманы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе жүзеге асыруда. Бүгінде курсқа келушілер арасында жастардың қатары артып, олардың мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығы жоғары екені байқалады.