Аталған жобаның құны – 384,7 миллион теңгені құрайды.
Шымкент қаласы Жұлдыз тұрғын алабында кәрізбен қамту жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді кәріз жүйесімен қамту мақсатында жобалау сметалық құжат әзірленді. Қазіргі таңда «Спецкоммунстрой» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын бастады. Аталған жобаның құны – 384,7 миллион теңгені құрайды.
Еңбекші ауданының 57 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда «Ұлағат», «Солтүстік-шығыс» шағынауданына кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысын 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Ал, «Мирас», «Шапағат-2» шағынаудандарында құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен.
Сонымен қоса, Асар-2 шағын ауданы тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту құрылысы жалғасып жатыр. Мердігер мекеме «Монолит дизайн» тарапынан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының бүгінде 40 пайыздан астамы аяқталды. Кәріз жүйесінің құрылысы толығымен 2023 жылы аяқталатын болады. Сонымен бірге, Достық КНС (қайта құру), Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Бозарық 74 га аумақтағы құрылыс жұмысы аяқталады.
Ал, Нұртас, Тараз шағын ауданы, Айша бибі көшесі, 112 орам құрылысы осы жылы басталмақ.
Айта кетейік, биыл барлығы 16 нысанда құрылыс жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр.