Азанда дұрыс оқымағаны үшін 5 жасар өгей ұлын ұрып өлтірген қылмыскер 8 жылға сотталды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкентте бес жасар өгей ұлын азанды дұрыс оқымағаны үшін ұрып өлтірген өгей әке сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Өткен жылдың желтоқсанның 5-не сағат 20.00 шамасында Шымкент қаласы Қарабастау елдімекені Достар көшесінде тұратын Е.Ж. бес жасар өгей ұлын "Құптан" намазын оқу кезінде азанды дұрыс оқымағанын көріп, балақайды жазаламақ боп ұрып-соққан. Үйдің кіре беріс бөлмесінде сойталдай жігіт дәрменсіз бес жасар балақайды тепкілеп тастаған. Сол күні ауыр дене жарақаттарымен бала облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дегенмен ақ халаттылар ажалдан арашалап қала алмаған еді. Ауыр дене жарақаттарынан өгей әкесінен әбден таяқ жеген бес жасар бүлдіршін ауруханада көз жұмған.