Ағайынды екі жігіттің бірі кісі қолынан қаза тапқан болатын.
Шымкент қаласында сот үкіміне наразылық танытқан 100-ге жуық адам қалалық сот пен прокуратураның алдына жиналды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
"Прокуратураға келген себебіміз, бірінші сот сатысында процессуалдық прокурор қылмысты ұйымдастырушыға 19 жыл, Хамутбековке 18 жыл сұраған. Енді апелляциялық шағымда Райымқұловқа 2 жыл, Хамутбековке 13 жыл сұрапты. Неге бастапқыдан айнып қалған прокурор?" - дейді шағымданушы Камала Тұрдиева.
Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Берген Ержаппар наразылық танытқандармен жүздесіп сұрақтарына жауап берген. Бұл туралы Шымкент қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сот үкіміне наразылық танытқандарды Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахимбековтың өзі қабылдады.
"Бүгін сот төрағасы сот үкіміне наразылық танытқандарды қабылдады. Кабинетке сыймайтын болғандықтан сот залында қабылдау өтті. Жиналғандарға Ербол Рахимбеков іс материалдары апелляциялық алқаның қарауында екендігін, заң талаптарына сай шешім қабылданатындығын айтты", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 24 маусымында 24 жастағы Х.Тұрдиев кісі қолынан қаза тапқандығы туралы жарияланған болатын. Ағайынды Хусан мен Хасан Турдиевтер бір топ жігітпен кездесуге келіп, соңы жанжалға ұласады да, Хусан Тұрдиев алған ауыр деге жарақаттарынан ауруханада көз жұмған еді.
"Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары О.Раимкулов Т.Хамутбековпен бір пиғылда бұзақылық ниетте әрекет ете отырып, жәбірленуші Хусан Турдиевті оның туысы Хасан Турдиевтің көзінше аса қатігездікпен қасақана өлтіру туралы нұсқау беріп, осы қылмысты жасауға көмектескен және бұл іс-әрекеттермен шектелмей, Т.Хамутбеков жәбірленуші Хусан Турдиевқа пышақ соққыларын беруі барысында бұзақылық пиғылда жәбірленуші Хасан Турдиевтің екі қолынан ұстап, оны ұрып-соғып жатқан О. Разметов пен Е. Салибековке қосылып, оның бет аймақтарынан, денесінің өзге де тұстарынан қолдарының жұдырықтарымен көптеп соққылар берген деген негіздермен айыптаулар таққан.
О.Раимкулов, О.Разметов пен Е.Салибековке тағылған бұл айыптаулар сот тергеуі барысында өз дәлелін таппаған", -деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, тараптардың бірінші сот үкіміне келтірген шағымдары апелляциялық сатыда қаралатын болады.