Шымкентте 200 көшеге «Сергек» камерасы орнатылады

0
1 011

Қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі жасалды.


Шымкентте 200 көшеге «Сергек» камерасы орнатылады

Шымкентте 200 көшенің бойы мен 120 көше қиылысына «Сергек» камералары орнатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлім етті.

- Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басты бағдарда ұстаймыз. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландыруға көшіруді қолға алдық. Нақтырақ айтқанда қалада 165 қызмет түрлерінің 88 пайызын электронды түрде алуға болады. Осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жеткізіледі, - деді Мұрат Әйтенов.

Оның айтуынша азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешу үшін «109» желісімен «iKomek» байланыс орталығы іске қосылған. Орталық тәулігіне 24 сағат демалыссыз халыққа қызмет көрсетеді. Бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету үшін 2021 жылдан бастап қаладағы 4 аудан әкімдігі тарапынан «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізіледі. Қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі жасалды.

- Келер жылы сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 үлкен көшенің бойында және 120 көше қиылысына «Сергек» камераларын орнату жоспарлануда, - деп түйді Мұрат Әйтенов