Шымкентте 300-ге жуық адамға қандас мәртебесі берілді

0
574

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37 адамға артық.


Шымкентте 300-ге жуық адамға қандас мәртебесі берілді

Шымкент қаласында жыл басынан бері 269 адам қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37 адамға артық. Қоныс аударғандардың басым бөлігі - ТМД елдерінен. Өзбекстан Республикасынан - 260, Ресейден – 5, Қырғызстаннан – 1 және Қытайдан – 3 адам көшіп келген.
Алыс-жақын шетелдерден көшіп келген тұрғындар «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығында 6 ай бойы мемлекеттік тілді үйреніп, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары бойынша көмектер алады. Осындай бейімдеу қызметтері қазір 50 шақты мүшесі бар 18 отбасыға көрсетілуде.

Айта кетейік, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Мұнда тарихи Отанына оралған қандастарымыз 6 ай мерзімінде тегін тұрып, ақысыз қызмет түрлерін пайдалана алады. Орталықта бүгінде 8 отбасы 27 қандас бейімделуде. Оның 15-сі - балалар, 12-ы - ересектер. Қызмет алушылар үшін- асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі қарастырылған. Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша оқытылады.

Сондай-ақ, жеке меншік оқу орталықтарымен жасалған әріптестік байланыс аясында, 5-17 жас аралығындағы балалар, "Шешендік өнер", "Зергерлік өнер", "Шахмат", "Домбыра","Биссермен өру", үйірмелеріне тегін қатысуға мүмкіндік алған. Ал, ұжым қызметкерлерінің атсалысумен орталыққа "Отбасы банк" кеңесшілері келіп, тұрғын үй жайлы ақпараттар ұсынып, нәтижесінде 5 қандас өз депозиттерін ашқан.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, тұрақты түрде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, атажұртына оралған қандастарымыз мәдениет ошақтарына және тарихы қасиетті орындарға жиі барып, ұлттық салт-дәстүрімізбен етене танысуда.