Шымкентте 4 азық-түлік қоймасы салынады

0
468

Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда.


Шымкентте 4 азық-түлік қоймасы салынады

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады.

Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд.теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.

Айта кетейік, 2022 жылдың I-жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн. АҚШ долларына артты. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд. теңгені құрады. Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті. Биылғы жылы 30 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 33,5 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ал, мал шаруашылығында жалпы құны 10,6 миллион теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 229 жұмыс орынын жаңадан ашу жоспарлануда.