Шымкентте 400-ге жуық медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

0
784

Инфекциялық стационарды жабдықпен қосымша қамтамасыз ету үшін 502 млн теңгеге, 21 аппарат сатып алынды.


Шымкентте 400-ге жуық медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

Шымкентте 1 маусымынан бастап ЖРВИ диагнозымен 1030 және пневмония диагнозымен 360 науқас ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен инфекциялық аурулардың таралуы бойынша жиналыста сөз болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жиналыста баяндама жасаған қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Р.Албаев жыл басынан бері пневмониядан көз жұмғандар саны 0,6 пайызға жеткенін атап өтті. Бүгінде пневмония дертін жұқтырып, ауруханаға келіп жатқандар 50 мен 68 пайыз аралығында болған.

«Соңғы бір айдың ішінде пневмония дертіне шалдығып, қаза тапқан науқастардың қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің ишемиялық аурулары сынды қосалқы аурулары болған. Ал, бүгінге дейін қалада коронавирус инфекциясымен ауырған 1404 азамат тіркелген. Ал, 1027-і азамат аурудың белгілері жоқ тасымалдаушы болып тіркелген. Инфекцияға шалдыққандардың басым бөлігі - ересек азаматтар. Коронавирусқа шалдыққан 624 науқас дертінен айығып, ауруханадан шығарылған. Өкінішке қарай, 13 науқас коронавирус инфекциясынан көз жұмды. Ал медицина қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясының 379 жағдайы тіркелген»,-деді басқарма басшысы.

Мәжілісте қала басшысы Мұрат Әйтенов тек қана коронавирус емес, ЖРВИ мен пневмонияға шағым білдірушілер саны артып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, эпидемиологиялық жағдайға байланысты алдын ала карантиндік және провизорлық стационарлар күшейтілген.

Инфекциялық аурулардың көбеюіне байланысты қала әкімінің тапсырмасымен бүгінге дейін 650 жұқпалы және 1240 провизорлы төсек-орын ашылса, алдағы уақытта 1500 төсек-орын пайдалануға беріледі.

Инфекциялық стационарды жабдықпен қосымша қамтамасыз ету үшін 502 млн теңгеге, 21 аппарат сатып алынды, қосымша тағы 40 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілмек.

Айта кетейік, күні кеше брифингке қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр соңғы үш тәулікте пневмониядан 20-дан астам адам қайтыс болғанын айтқан еді.

«Қосымша созылмалы аурулары бар азаматтар да пневмония, ЖРВИ ауруларын көтеріп жіберіп жатыр. Ол аурулар да азаматтардың қайтыс болуына әсер етуде. Кешегі күнге пневмониямен ауыр жағдайда келген 8 адам қайтыс болып кетті. Алдыңгүні 4 адам көз жұмған. Оның алдында бесеу, оның алдында үшеу болған еді. Енді күніге әртүрлі жағдайлар тіркелуде»,- деді Ербол Садыр.