№9 емхана бас дәрігері жұмысқа тұрғызу үшін қала тұрғынынан пара алған
Күшейтілген карантинге қарамастан, денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алып жатыр. Бұл жайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали брифингте айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өткен жылдың өзінде департамент медицина қызметкерлеріне қатысты 12 қылмысты тіркеген.
Денсаулық сақтау жүйесінде облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері мен аурухананың бас бухгалтеріне қатысты үкім шықты.
Олар көрсетілген қызметтердің жалған актілері бойынша жүйелі түрде ақша жымқыру схемасын (25,5 млн теңгеден астам) ұйымдастырған.
- Медициналық қызметке тағайындау үшін №9 қалалық емхананың бас дәрігері мен физиотерапевт дәрігері 400 мың теңге пара алғаны үшін сотталған, - деп атап өтті Асхат Жұмағали.
Спикердің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бейінді басқарма басшылығы мен бас дәрігерлердің өздері тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбеуде.
Жемқорлыққа бейім мемлекеттік мекемелердің біріне айналған емханалар мен ауруханалар Transparency Kazakhstan зерттеуінде де осы саладағы жағымсыз жағдай туралы айтылуда. Бұл туралы респонденттер 100% атап өтті.
- Бұл ретте кешенді шаралар қабылдай отырып, түбегейлі, нақты іс-қимыл қажет. Жағымсыз жағдайды өзгерту үшін сыртқы талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, Жол картасын әзірлеу қажет деп санаймыз, - деді ол.