Қазіргі сәтте станция қойылатын нүктелер анықталып, құрылғылар орнатылуда.
Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтар болсақ, өткен жылдың өзінде мобильді операторлармен бірлесе қаладан шалғай орналасқан 14 елді мекенге антенна-мачталық құрылғы мен базалық станция орнатылды. Нәтижесінде 71 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернет желісіне қосылды. Олар Асар, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (автоцон), Ақжар, Ақтас және Ақжайық шағынаудандары.
Ал, биыл мобильді операторлармен бірлесе интернет сапасы төмен 29 нүктеге базалық станция орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда келісім жүргізіліп жатыр.
Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, жуырда шаһар орталығына 5G технологиясымен 10 базалық станция орнатылмақ. Қазіргі сәтте станция қойылатын нүктелер анықталып, құрылғылар орнатылуда. Алдағы екі айда монтаж жұмысы аяқталып, жоғары жылдамдықтағы интернет іске қосылады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асыру мақсатында қаладғы 11 елді мекенге байланыс операторлардың базалық станциясы орнатылды. Қала тұрғындары бірнеше елді мекенде интернет пен байланыс операторлар желісінің төмендігі туралы шағымданған болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында цифрландыру басқармасы тарапынан арнайы мониторинг жүргізіліп, интернет желісі төмен шағын аудандарға базалық станция орнату жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, 2022 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкенттің 13 мың тұрғыны цифрлық сауаттылығын арттырды. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Биыл 14 700 тұрғын цифрлық сауат ашу курсына қатысады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оқу курстары қалалық қызметтер мен сервистердің i-shymkent.kz порталында орналастырылған.