Шымкентте әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына ескертусіз тексеру жүргізілді

0
1 005

Ескертусіз тексеру шарасы алдағы уақытта басқа да орталықтарда жалғасын таппақ.


Шымкентте әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына ескертусіз тексеру жүргізілді

Шымкент қалалық №1-ші арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тексеру шарасы жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков орталыққа ескертусіз барып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету сапасын бақылады. Ерғали Даулетбекұлы бірден жатын бөлмелер,асхана, монша және дәрі-дәрмек пен азық-түлік сақталған қоймаларды аралап көрді. Орталық мамандарының айтуынша, қазіргі таңда қорда 5 айлық дәрі-дәрмек қоры сақталған. Пандемияға байланысты барлық сақтық шаралары қадағалануда.

Қызмет сапасын бақылаған қала басшысының орынбасары орталықты аралау барысында мамандарға осында қызмет алушы әр бір азаматқа қамқорлық көрсетіп, емдік-шараларында жоғары деңгейде күтім жасауды тапсырды.
- Төрт мүшесі сау болса, бұл жандар мұншалықты тағдыр тәлкегін тартпаған болар еді. Бұл азаматтарға ерекше күтім қажет. Болашақты ешкім болжап біле алмайды. Сол себепті тауқыметтерін жүрекпен сезінуіміз қажет. Оларды медициналық және әлеуметтік оңалту арқылы, аурушаңдық деңгейлерін асқындырмау басты міндеттеріңіз. Әрине, еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз оңай емес. Дегенмен, талап пен мақсат айқын , - деді Ерғали Білісбеков.
Шымкент қаласындағы №1-ші арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы таяуда бірқатар жаңа медициналық құралдармен толыққан болатын. Оның ішінде науқасқа ыңғайлы әрі сапалы ем көрсетуге арналған көпфункционалды кереуеттер, қызмет алушыларды емханаға тасымалдауға арналған арнайы автокөлік және одан бөлек кір жуғыш машина, салқындатқыштар сынды тұрмыстық қажеттілікке арналған заттар да жаңартылды.
Бүгінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №1-ші арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 160 маман жұмыс істеуде. Дәрігерлік құрам терапевт, психиатр, психолог, стоматолог сынды білікті мамандардан жасақталған. Қабырғасы осыдан 60 жыл бұрын қаланған ғимарат бүгінде тіс дәрігері, емдік массаж, фито бар және басқа да медициналық процедура кабинеттерімен қамтылған. Жалпы, жасы 18-ден асқан, I - II топтағы психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 8 бағыт бойынша қызмет түрлері көрсетеді. Орталықта сондай-ақ, заманауи техникалармен жабдықталған 3 медициналық бекет, 2 тренажерлық зал жасақталған. Қазіргі таңда орталықта 225 адам ем қабылдауда.
Аралау барысында мәлім болғанындай,орталыққа 50 орындық қосымша ғимарат қажет. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжатын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, Шымкент қаласында осы іспеттес 6 арнаулы әлеуметтік орталық қызмет көрсетеді. Келесі жылдың басында Түркістан облысына қарасты қарттарға арналған нөмірі 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы да Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының құзыретіне өткізілмек. Ерғали Білісбеков аталған шаңырақты пана қылған қариялардың жай-күйімен танысып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Сала мамандарына кейуаналардың жайлылығы үшін керекті дүниелермен қамтамасыз етуді тапсырды.
Ескертусіз тексеру шарасы алдағы уақытта басқа да орталықтарда жалғасын таппақ.