Шаһар басшысы М.Әйтенов Алғыс айту күнімен барша шымкенттіктерді құттықтады.
Шымкентте Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкенттік этностардың демеуімен бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қоюмен бастау алған бұл шара этномәдени бірлестік өкілдерінің қолөнер бұйымдары мен этнос кәсіпкерлері өндіретін тауарлардың көрмесімен жалғасын тапты.
Аталмыш мекерелік іс-шараға мегаполистегі барлық этнос өкілдері мен қала басшылығы, депутаттар және аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Мегаполис басшысы көктемнің алғашқы мерекесімен барша қалатұрғындарын құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Құрметті, шымкенттіктер және мерекеге қатысушылар! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке ортақтарихымызға деген құрметтің, қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі болып саналады. Шұғылалы көктемнің алғашқы күні - Алғыс айту деп жариялануында үлкен мән бар. Адам баласынан тарайтын жылулық – алғыс айтудан басталады. Ел тарихында 1 наурыз - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн. Биыл 25 жылды бағындырған бұл институт Қазақстанның сындарлы жолмен дамуына, жасампаз істердің жаршысына айналды. Баршаңызды алғыс айту күнімен құттықтаймын!» , - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Татулықты ту еткен қалалық "Қазақстан халқы Ассамблеясында" концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әр түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билері мен әндері көрермендерге ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, бірлігі жарасқан мегаполистің 32,5 пайыз тұрғынын өзге этнос өкілдері құрайды. Бүгінде Шымкент қаласында барлығы 17 этномәдени бірлестік бар. Атап айтар болсақ, олар: славян, өзбек, түрік, армян, әзірбайжан, грузин, грек, ұйғыр, неміс, корей, күрді, поляк, еврей, иран, татар-башқұрт және «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестіктері.