​Шымкентте Ассамблея кеңесінің алғашқы отырысы өтті

0
1 818

2019 жыл Жастар жылына орай этнос жастары арасында «Жастар шақырады», «Берекелі шаңырақ», «Дружба без границ», «Мың бала», «Мақсатқа жет», «Мейірімді жастар» сынды бірқатар игі бастамалар қолға алынбақ.


​Шымкентте Ассамблея кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында қалалық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері бекітіліп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуда алда атқаратын жұмыстар айқындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға қала басшылығы, қалалық мәслихаттың хатшысы мен депутаттары, басқарма басшылары, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының және қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Мәжілісте қалалық ассамблея тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасаған қалалық Қазақстан халқы Ассамбмлеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов алдағы міндеттерге де тоқталды. Қалада тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің берекелі бірлігін нығайту бағытында «Берекелі Шымкент» ұлттық тағамдар көрме-жәрмеңкесі, «Ұлттық бренд» тауар өндірушілер көрмесі, қайырымдылық бағыттағы «Қайырымдылық – қайырлы іс» жобалары тұрақты өткізіліп, «Үздік Қоғамдық келісім кеңесі», «Кедергіге жол жоқ» сынды байқаулар өткізіледі. 2019 жыл Жастар жылына орай этнос жастары арасында «Жастар шақырады», «Берекелі шаңырақ», «Дружба без границ», «Мың бала», «Мақсатқа жет», «Мейірімді жастар» сынды бірқатар игі бастамалар қолға алынбақ.

Басқосуда кеңес мүшелері қаламыздың әлеуметтік, рухани-мәдени дамуына ассамблея мүшелерінің қосар үлесі жайлы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов «Қазақтану» жобасын жандандыру, Шымкент қаласының этнокартасын дайындау, қалалық мәслихатта «Бірлік» депутаттық тобын құру, 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылына және еліміздегі Жастар жылына орай бірлескен іс-шараларды нақтылау жөнінде ассамблея хатшылығына, басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, қалада биыл құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясыныңқоғамдық негіздегі орынбасарлығына түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латифша Асановты, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романованы және өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахиржан Хакимбековты тағайындады.

Басқосу соңында ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар марапатталды.

Атап айтқанда, қалалық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрғасы, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев пен әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Арзу Гурбанова «Бірлік» алтын медалін, белгілі кәсіпкер, меценат Айдар Досболов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісін иеленсе, танымал қолөнер шебері Берік Бейісбеков, қала әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Әмірхан Құдайберген ҚХА-ның Құрмет Грамотасын, «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісінің бас директоры Светлана Лугина ҚХА-ның алғыс хатын алды.