Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 4,4%-ға өсті

0
3 148

Шымкентте 2 агро-индустриалды аймақ іске қосылады.


Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі  4,4%-ға өсті

Өткен жылы Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнім көлемі 36 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,4 пайызға өсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өсімнің көрсеткішіне мал шаруашылығы өнімінің 5,3 пайызға және егін шаруашылығының 3,2 пайызға артуы оң әсер еткен.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету керектігі айтылды. Шымкентте осы бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймағын іске қосу жоспарланып отыр.
Біріншісі – аумағы 136 гектар жерге заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу бойынша 28 жоба іске асырылады. Екіншісі – "Бозарық" тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру көзделуде. Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауыты бой көтереді. Сондай-ақ шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобалар жүзеге аспақ.
Ауыл шаруашылығы - мемлекет экономикасының өсіміне септігін тигізетін сала. Бұл ретте, Шымкент өзінің болашағын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен және АӨК саласындағы логистикамен тығыз байланыстырады. Өйткені, қала - аграрлық аймақтың орталығы. 2020 жылы мегаполис тұрғындары АӨК саласында 36 млрд теңгенің өнімін өндірді. Салаға тартылған инвестициялар көлемі 7 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 2 есеге жуық артық.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ауданы 92 гектар болатын сауда-логистикалық аймақ құрылды. Онда өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері сақталады және таратылады. Қазір аталған аймақта екі компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, тағы үш логистикалық орталық салынып жатыр.