Заманауи қоймаларды дамыту, азық-түлік жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда және жоспарланған бірқатар негізгі бағыттар айқындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Біріншіден қалада жайылым жерлер аз болғандықтан озық технологиямен гидропоника әдісі ендіру жоспарлануда. Яғни, жабық кеңістікте 2 кг астық дәнін сеуіп, 7 күнде 12 кг дейін мал азықтық дақылын алуға болады. Бұл әдіс арқылы алынған мал азықтық дақылдарының құнарлығы өте жоғары, сондықтан өнімділік артатын болады.
Екіншіден осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 29,8 мың гектарға егу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 мың гектарға артық. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарын жүргізуге жалпы 2 мың тонна, оның ішінде көктемгі жұмыстарға 1 мың тонна жанар-жағармай, 434 мың дана және 29,2 тонна тұқым құнын арзандатуға 20,4 млн тг. және 7200 тонна минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 122,1 млн тг. қаржы бөлінді. Нәтижесінде биыл жиналатын өнім көлемі 90,1 мың тоннаға жететін болады.
Үшіншіден субсидия алу тәртібі жеңілдетіліп, оның қолжетімді және ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылатын болады. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 2 847,4 млн теңге субсидия қаралды.
Төртіншіден әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат беру, делдалдық қызметті шектеу. Ол үшін айналымға 5,4 млрд.тг қаржы қаралған. Осы айналым қаражатын толықтыру арқылы сауда желілерінің санын 115-ке жеткізу. Сонымен бірге әлеуметтік дүкендер санын 30-ға дейін ұлғайту, заманауи қоймаларды дамыту, азық-түлік жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Нәтижесінде жалпы өнім көлемі 44,1 млрд. теңгеге жетіп, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 4,5 млн теңгені құрайды. 90,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналып, 14,8 мың тонна ет, 48,2 мың тонна сүт, 156,2 млн дана жұмыртқа өндіріледі деп күтілуде.